author

picture

Ежелгі дәуірдегі әдебиетіміз туралы айтқаңда, ең алдымен, екі мәселені айқын түсінуіміз керек. Біріншісі – біздің ежелгі дәуір әдебиетіміздің туындылары тек қазақ халқының ғана еншісі емес, олардың басқа түркі тектес халықтардың да әдебиетіне ортақ екендігі. Екіншісі – қазақ тілінде емес, ежелгі түркі тілінде жазылғандығы.

Қазақ халқының құрылуына негіз болған ру-тайпалар ол замандарда қазіргі Қазақстанды, Орта Азияны, Оңтүстік–шығыс Сібірді, Орталық Азияны, Еділ бойын, Каспий жағалауларын мекен еткен. Олар өзбек, қырғыз, әзірбайжан, түрікмен, ұйғыр, қарақалпақ, хакас, башқұрт, татар халықтарының төл құрамына енген ру-тайпалармен аралас өмір кешкен. Сөйтіп, экономикалық, әлеуметтік, мәдени өмірі бір-бірімен өзара тығыз байланысты болған түркі тілдес халықтардың әдебиеті де ортақ болды. Кумандар, Дешті Қыпшақтар, тағы басқадай атанған жартылай көшпелі, жартылай отырықшы түркі тілдес халықтардың ерлігі, тұрмыс-тіршілігі, арман-қиялы поэзия тілімен жырланып, ерлік эпостар, ертегілер, аңыздарда баян етілген. Құлпытас, күмбез түріндегі ескерткіштерге өздерінің елеулі-елеулі тарихи адамдары туралы жоқтау, мадақтауларын жыр түрінде ойып жазып қалдырып отырған. Бұл түркі ұлыстарының жазу мәдениеті ертеден пайда болғанын көрсетеді. Ол жазулар дами келе Күлтегін, Тоңұқық, Қорқыт ата, Жүсіп Баласағұни, Махмұд Қашқари, Ахмет Йасауи, Бақырғани, Хорезми, т.б. орта ғасырлық ғұламалар шығармаларының сақталуына негіз болды.

Ежелгі әдебиет” (VII-XIV ғғ.) деп аталатын жеті ғасырды қамтыған әдебиетіміздің, ұзақ тарихына қатысты ескерткіштер, шығармалар аз емес. Олардың алғашқылары деп түркі ру-тайпаларына ортақ Орхон ескерткіштерін (VII ғ.), “Қорқыт” (VIII ғ.) және “Оғыз-наманы” (IX ғ.) атаймыз.

Ежелгі дәуір әдебиетін Мұхаммед Хорезми, Әбу Насыр әл-Фараби, Әбу Райхан әл-Бируни, Махмұд Қашқари, Қожа Ахмет Йасауи, Сүлеймен Бақырғани, Жүсіп Баласағұни тәрізді түркі халықтарының біразына ортақ ойшылдары, ғалымдары, ақындары жалғастырады (X-XII ғғ.) – Аталған ғұламалар түркі халықтарынан шыға тұра кезінде араб әдебиетін, араб ғылымын, сонымен бірге дүние жүзі ғылымын дамытуға үлкен үлес қосқан.

Ежелгі дәуір әдебиетінің негізіне қыпшақ тілінде дамыған кезеңінде (ХIII-ХVI ғғ.) “Кодекс куманикус”, “Махаббатнама”, “Жүсіп-Зылиха”, “Гүлстан”, “Домбауыл”, т.б. қиссалар, дастандар, шежірелер, тарихи мұралар енеді.

Ежелгі дәуір әдебиетінің белгілі мұралары, үлгілері осындай. Олар өзінен кейінгі әдебиеттің дамуына, шыңдалуына негіз, түп төркін болған.

Күлтегін, Білге Қаған және Тоныкөк ескерткіштері (Орхон-Енисей) – мазмұны мен түрі жағынан да, тілі мен көркемдету құралдары жағынан да, өлең құрылысы, композициясы жағынан да ежелгі түркі халықтарына ортақ көркем туындылардың үлгісі болумен бірге, ол қазақ әдебиетінің де асыл қазынасына енетін әдеби мұра.