author

“Ақша, несие, банктер” курсы жоғары және орта экономикалық оқу орындары студенттерінің ақша, несие және банктер туралы теориялық білімін қалыптастыратын базалық пән.

Аталған пән – ақша және несие, ақша айналымы, ақша және несие жүйесін қарастырады. Онда ақша  және несиенің теориялық мәселелері, олардың нарықтық қатынастар жағдайында қызмет етуінің заңдылықтары мен ағымы, сондай-ақ экономиканың нарықтық тұрғыдан түрлендірілуіндегі қаржы-несие институттарының рөлі мен алатын орны, Қазақстандағы банктік реформалар, банктің қызметі мен операцияларының жаңа жағдайда өзгеруі, халықаралық валюталық-несиелік қатынастар, биржа ісі т.б. қамтылады.

Қазіргі Қазақстан экономикасы, соның ішінде несие-ақша және қаржы шаруашылығы: ақша-несие жүйесін реформалау; қатаң инфляция жағдайында бізде бұрын болмаған жаңа ақша-несие қатынастары; несие-қаржы институттарының жаңа түрлерінің пайда болуы; нарық экономикасы  және меншіктің көп түрлі формасына бейімделген екі буынды банктік жүйенің қалыптасуы; жоғары дәрежеде монополияланған мемлекеттік банктік құрылымдардың әкімшілік - әміршілдік басқару жүйесінен – пайда табуға, коммерциялық жетістіктерге қол жеткізуге бағытталған жеке және ұжымдық меншікке негізделген несиелік мекемелерге өту тәрізді бірқатар маңызды өзгерістер жүзеге асырылуда.

Қазақстан Республикасының банктер жүйесі ұлттық экономиканың басқа секторларымен салыстарғанда нарық талабына сай өзгерістерді жедел қабылдайтын және экономикалық базистегі өндірістік қатынастар мен өндіргіш күштердің даму заңдылықтарына тез сыңай танытатын, салыстырмалы дербестігі бар ақша секторы. Қазақстан банк секторы қаржы нарығының ең жақсы дамыған сегменті.

Мақсаты:  Білімгерлерге ақшаның, несиенің және банктердің теориялық аспектілері бойынша, ақша және несие жүйелерінің қызмет істеу негіздері бойынша, халықаралық несиелік-есеп айырысу және валюталық қатынастар, бағалы қағаздар нарығының негіздері бойынша біртұтас білім жүйесін қалыптастыру;

• пәннің мәні мен мазмұнын сипаттайтын терминологиялық-ұғымдық аппарат беру;

• барлық ұғымдардың өзара байланысы мен олардың ішкі логикасын ашу.

Бұл оқу курсының міндеті:

Курс бағдарламасы бойынша оқудың негізгі міндеттері:

- Ақша, несие, банктер теориялық аспектілерін зерттеу;

- білімгерлерге ақша, несие, банктердің теориясы бойынша қажетті теориялық білімнің белгілі бір минимумын беру;

-оларға банк сферасында қызмет істеу үшін қажетті практикалық машықтарды (навыки) дарыту;

- банк қызметінің болашақ профессионалдарына алдағы уақытта болуы мүмкін, ықтимал банктік жаңашыл қызметтер, интернет-технологиялар және тағы басқа өзгерістерге бағыт беріп қою.

Қазақстан экономикасына шет ел инвестицияларын тартумен қатар еліміздегі сыртқы экономикалық қатынастар да дамуда. Ал бұл процесс ез кезегінде банк менеджменттің сапасын халықаралық деңгейге көтеруді талап етеді.  Міне осыған байланысты банктер жүйесіне теориялық әзірлігі терең және практикалық қабілет мол мамандар дайындау мәселесі де жаңа белеске көтерілді. Банктер жүйесінің инфляцияны тежеуде, нақты секгорды инвестициялауда, ақша айналымын үйымдастыруда және экономиканы макродеңгейде реттеуде атқаратын рөлі арта түсуде.

Жоғарыда аталғандай Қазақстан Республикасы банктерінің халықаралық стандартқа көшуіне байланысты қойылатын талаптар күшейген сайын кәсіпкерлік деңгей жоғары болашақ банкирлер дайындау жауапкершілігі де арта түспек.

Бұл жауапкершілік «Ақша,неие, банктер» пәнін жан-жақты, терең әрі сапалы оқытумен тікелей байланысты.