«Математиканы оқыту әдістемесі» (МОӘ) курсы студенттерді – болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін әртүрлі типтегі мектептердің бастауыш сыныптарында математиканы оқытуға дайындауға арналған.
Курстың мақсаты: болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінде бастауыш сынып оқушыларының жас ерекшеліктеріне және білім беру стандарты талаптарына сәйкес бастауыш сыныптарда математиканы оқытуды жоспарлау, ұйымдастыру және өткізу үшін қажетті кәсіби білім, білік және құзыреттерді қалыптастыру.
Бұл пән бастауыш сынып оқушыларын математиканы табысты оқыту үшін қажетті теориялық негізді қалыптастырады және бастауыш сыныптарда оқыту технологияларын негізгі мазмұндық-әдістемелік бағыттар аясында меңгеруге бағытталған. Олар: «Сандар мен шамалар», «Алгебра элементтері», «Геометрия элементтері», «Жиындар және логика элементтері», «Математикалық модельдеу». Пәнді оқу барысында студенттер бастауыш сыныпта математиканы оқытудың тиімді әдістері мен тәсілдерімен танысады.
Курсты меңгергеннен кейін студент:
- математиканы оқыту әдістемесінің объектісі, пәні, міндеттері мен зерттеу әдістері, сондай-ақ бастауыш сынып оқушыларына математиканы оқыту теориясы мен практикасының даму бағыттары мен үрдістері туралы түсінікке ие болуы;
- бастауыш сыныптарда математиканы оқыту әдістемелік жүйесінің негізгі компоненттерін білуі;
- мектепке дейінгі жастағы балалар мен бастауыш сынып оқушыларын тәрбиелеу, оқыту және әлеуметтендірудің сабақтастығын қамтамасыз ететін, бүкіл кейінгі білім берудің негізі ретінде бастауыш білімнің ерекшелігі мен маңызын білуі;
- оқыту мақсаттары мен міндеттерін анықтау, мазмұнын іріктеу және оқу материалдарын кіріктіру үшін оқу-әдістемелік материалдарды талдай білуі;
- инновациялық педагогикалық технологияларды қолдану жағдайында мотивациялық, диагностикалық, түзету, коммуникативтік және әдістемелік қызметті жүзеге асыра білуі;
- ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушылармен жұмысты жоспарлай білуі;
- оқушылардың пәндік және кіріктірілген құзыреттерін қалыптастыруға бағытталған оқу әрекетін жобалау және жүзеге асыру технологияларын, соның ішінде ақпараттық технологияларды пайдалана отырып меңгеруі;
- математикалық білім берудің және психологиялық-педагогикалық ғылымдардың даму бағыттары мен болашағын бағалай білуі тиіс.