Оқытудың мақсаты студенттерде ғылыми зерттеуді ұйымдастырудың теориялық және әдіснамалық негіздері, ғылыми ақпаратты іздеу, жинақтау және талдау, зерттеу әдістерін таңдау және қолдану, ғылыми нәтижелерді өңдеу, бағалау және ұсыну туралы кешенді түсінік қалыптастыру болып табылады.

Курс студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарын жоспарлау, ғылыми мәселені анықтау, зерттеу мақсаты мен міндеттерін қою, ғылыми болжам қалыптастыру, деректерді жинау және талдау, ғылыми нәтижелерді рәсімдеу және қорғау бойынша ғылыми-практикалық дағдыларын қалыптастыруға бағытталған.

Қысқаша сипаттамасы

Курс ғылыми жұмыстың мәні мен ерекшеліктерін, ғылыми зерттеудің негізгі кезеңдерін және оны ұйымдастыру қағидаттарын зерттеуді қамтиды. Ғылыми танымның әдіснамалық негіздері, ғылыми зерттеудің түрлері мен деңгейлері, зерттеу тақырыбын таңдау және ғылыми мәселені тұжырымдау мәселелері қарастырылады.

Пән аясында ғылыми әдебиеттермен және ақпараттық дереккөздермен жұмыс істеу, библиографиялық ақпаратты іздеу және жүйелеу, ғылыми зерттеу әдістерін таңдау, эмпирикалық және теориялық әдістерді қолдану, зерттеу нәтижелерін талдау және интерпретациялау мәселелері зерделенеді.

Сонымен қатар ғылыми жұмыстың құрылымы, ғылыми мақала, баяндама, тезис және презентация дайындау, ғылыми нәтижелерді көрнекі түрде ұсыну, ғылыми жұмысты бағалау және сараптау, рецензия жазу, ғылыми жұмысты қорғау және ғылыми коммуникация мәдениеті қарастырылады.