Бастапқы әскери дайындығы мамандығы бойынша студенттерді дайындаудың бірден–бір негізгі пәні «Әскери патриоттық тәрбие негіздері» болып табылады. Қазақстан Республикасындағы білім беру ұйымдарында жастардың патриоттық қасиетін қалыптастырып, патриоттық білімдерін өз деңгейінде дамыту қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Патриотизм - өз Отанына деген сүйіспеншілік – адамдардың бойындағы өте терең де құдіретті сезім. Патриотизм – ең алдымен елінің өткен тарихын мақтаныш тұту, жерінің байлығына, әсем көркіне сүйсіну, атадан балаға жалғасып келе жатқан салт-дәстүрді дәріптеу, ана тілін құрметтеу. Осы сезімдерден туатын, санада орнығып қалыптасатын адамгершілік асыл қасиеттер ұлттық патриотизм деңгейде өркен жайып, жалпыазаматтық патриотизм биігіне ұласатыны белгілі. Әрине, бұл өздігінен бола салатын нәрсе емес, ол - нақты тәрбиенің жемісі. Мұның барлығы бүгінгі таңда мектеп оқушыларына патриоттық тәрбие берудің маңызы мен қажеттілігі бүгінгі күн талабынан шығып отырған мәселе екендігінің куәсі.

«Отанды сүю иманнан», яғни, иманы берік, ізгі амал істеуге құштарланған жастар ғана едәуір сезімтал және динамикалы әлеуметтік топ болып табылады. Ал, ізгі амалдардың шоқтықтарының бірі – Отан қорғау. Енді ол басқа бір елдің қабағына қарап қана қоймай, өзге бір елдердің өз қас-қабағына қарата бастады.

Ғылыми зерттеулерді зерделеу, оқып-үйреніп талдау, педагогикалық тәлім-тәрбиені саралау оқушыларға әскери-патриоттық тәрбие беру ғылымда дербес проблема ретінде анықталғанын және ол үнемі зерттеп отыруды қажет ететіндігін көрсетті. Дегенмен, бүгінгі әскери патриотизмді қалыптастыратын тәрбие жүйесінің ғылыми танымдық-тәрбиелік өзектерден ажырап, одан қол үзіп кету қаупі бар. Өйткені, әлі де болса руханилыққа қанша ұмтылғанымызбен, біз өткен тарихымыздан қалған отаншылдықтың киелі шарттарынан алыстап кететін сияқтымыз. Сондықтан, аталмыш қасиетті өрістетіп, тереңдету үшін осы бағытта белгілі бір әскери-патриоттық тәрбие жүйесі қалыптасуы керек.

«Әскери патриоттық тәрбие негіздері» тарауын оқып-үйренудің мақсатыОқушыларды Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері қызметіне практикалық дайындау, әскерге деген сүйіспеншілігін арттыру, өз Отанына деген мақтаныш сезім және оны қашанда қорғауға дайын болу, студенттерді аталған пәннің әдісі мен тәсіліне оқыту негізіне жатады. Әскери патриоттық тәрбиелеуді өткізу мен ұйымдастыруда келешек бастауыш әскери  дайындығы оқытушы-ұйымдастырушысына қажетті әдістемелік білім мен дағдыны барлық оқу орны сабақтарында, оқу-далалық жиындарда, қорғаныс-спорттық сауықтыру лагерлерінде және сабақтан тыс уақытта пайдалана алуы керек.

Аталған пәнді меңгергенде студенттердің білуі керек: орта оқу орындары оқушыларын әскери-патриоттық тәрбиелеу негіздері; бастауыш әскери және дене шынықтыру дайындығы сабағы барысында және сабақтан тыс уақытта оны өткізу формалары мен әдістері; жаппай қорғаныс және спорт жұмыстарын, өткізу әдістемесі мен ұйымдастырылуы;

- «Қалқан», «Ұлан» және т.б. ойындардың өткізілу әдістемесі мен ұйымдастырылуы;

- орта жалпы білім беретін мектептерде, колледждерде, кәсіптік-техникалық училищеде оқушылармен әскери-патриоттық тәрбие шараларын өткізуді жоспарлау және іске асыра білу;

- халқымыздың соғыс және еңбек даңқы орындарына саяхат жасау;

- соғыс және еңбек ардагерлерімен, әскер мен флот сарбаздарымен, сонымен бірге жауынгер-интернационалистармен кездесулер;

- теориялық  конференциялар мен  пікірталастар өткізу;

- «Қалқан»,  «Ұлан» және т.б. әскери-спорттық  ойындарды өткізу;

- әскери оқу орындарына түсуге кандидаттарды таңдау және дайындау;

- әскер ісі негіздерін меңгеру бойынша әскери-техникалық үйірме жұмысы мен ұйымдастыруда басшылықты іске асыру.